Маусым айының 13 жұлдызында Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжінің спорт кешенінде колледж директорының «оқу-өндірістік ісі» жөніндегі орынбасары Ильясов Алмас Төребайұлының ұйымдастыруымен «Колледж-Түлек-Жұмыс беруші» тақырыбындағы жәрмеңке өз жалғасын тауып, биыл екінші рет өткізіліп отыр.
НА ЗАМЕТКУ!!!
Бұл жәрмеңкенің мақсаты Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт көшбасшысы Н. Ә. Назарбаевтың 2012 жылғы 27 қантардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту- Қазақстан дамуының басты бағыты» тақырыбындағы Қазақстан халқына жолдауындағы «Қазақстандықтардың жұмысқа тартылуы» атты бірінші басымдығы негізінде 2020 жылға дейін 1,5 миллион Қазақстандықтарды сапалы жұмыстарға еңбекке орналастыру бағдарламасы аясында Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжінің түлектерін жұмыспен қамтамасыз ету. Жәрмеңкеге техникалық мамандықтар үшін колледж студенттерімен өндірістік, технологиялық және дипломалды іс-тәжірибелерін өткізу жөнінде келісім-шартқа отырған облыс, аудан көлеміндегі жұмыс істеп тұрған ірі компания мен орта мекемелерден барлығы 50-ге жуық мекеменің басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарынан қонақтар шақырылды.
Мекеме басшыларына алдын-ала өз мекемелеріндегі ваканттық орындарға мүмкіндігінше колледж түлектерін жұмысқа қабылдау жөнінде өтініш жасалынды. Ваканттық бос орындары болмаған бірқатар мекеме басшылары тарапынан колледж директорының атына алдын-ала арнайы хаттар түсіп жатты. Хатта ваканттық орындар пайда болған жағдайда колледжбен байланыста болатындықтарын білдірген. Ондай мекеме басшыларына колледж әкімшілігі түсіністікпен қарап, алдын-ала ақпараттары үшін рахметтерін айтты. Осындай қуанышты да жауапты күнді колледждің бітіруші түлектері де тағатсыздан күтіп жүрді. Өйткені, мұндай мүмкіндіктердің алдарына келіп-келмеуі екі талай. Міне, сол қуанышты кунде келіп жетіп, жәрмеңкеге алғашқы мекеме басшылары да келе бастады. Әсемделіп, көркемделінген колледж спорт кешені студенттердің құлшынысын ашып, жүздеріне қуаныш ұялатты. Белгіленген уақытта іс-шара басталды.
Алғашқы болып сөз алған колледж директоры, техника ғылымдарының кандидаты, ХАА мүше-корреспонденті Докторбек Манатбекұлы Маселбеков бұл іс-шараның Елбасының тапсырмасымен жастарды сапалы жұмыспен қамтамасыз етуде үкімет тарапынан жастарға жасалынып жатқан қамқорлық екендігін атап өтті.
Сонымен қатар, биылғы оқу жылында бітіретін түлектердің жұмысқа орналасуларын қамтамасыз ету мақсатында аудан, қала әкімшілігімен, Талас ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы мен Талас ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы бағдарламалар бөлімімен және жұмыс беруші әріптестіктермен бірлесе отырып осы игі іс-шараны ұйымдастырылып отырғандығын, колледжді биылғы оқу жылы 12 мамандық бойынша күндізгі бөлімді 251 білімгер аяқтағалы отырғандығын, өткен жылғы жәрмеңке қорытындысымен 17 бітіруші әр түрлі салада жұмысқа қабылданғандығын айта келе, биылғы жәрмеңкеде мекеме басшыларын Мемлекетіміздің келешегі жас буын мамандарды жұмысқа қабылдауда барынша түсініктікпен қарауға шақырып, бітіруші түлектерге жаңа жұмыс орындарын табуда сәттілік, ал жәрмеңке жұмысына табыс тіледі.
Одан әрі, бітірушілерге әр мекемеден келген өкілдер таныстырылып, келген қонақтарға сөз кезектері берілді.
Сөз кезегін алған қала әкімі Қойшыбай Орынбекұлы Махашев, түлектерге құттықтау сөздерін айтып, алдағы уақытта сапалы жұмысқа орналасуларына жылы лебіз білдірді. Және «Ционид-натрий» зауытына 490 адам, «Жамбыл-недр» Қаратау цемент өңдіру зауытына 200-ден астам адам жұмысқа алынатыны туралы және келешекте «Еврохим» зауытының ашылатыны жайлы айтып, түлектерді хабардар етті. Одан әрі сөз алған «АмангелдіГаз» газ өңдеу зауытының директорының орынбасары Болатбек Мылтықбайұлы, «ҚазФосфат» ЖШС филиалының «Шолақтау» таукен өндірістік кешенінің өкілі, директордың орынбасары Айтбаев Болат Ұрзатқұлұлы, «ҚазПошта» басшысы Бекішова Роза Аққызы, «ЖамбылНедр» ЖШС зауытының кадр бөлімінің басшысы Болысбаева Анжела ханым өз тілектерін айтып, жұмыспен қамтамасыз етулеріне өз үлестерін қосатындындарын айта келе, ваканттық бос орындарын бітірушілерге жариялады.
Талас ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының маманы Cәбит Тимур қазіргі таңда колледжді наурыз айында бітірген білімгерлерден 50 бітірушінің жұмыспен қабылданғанын, 1-ші шілдеден бастап «Жол картасы» бойынша 20 орын бөлінетінін ескерте келе, бітірушілерді дипломдарын алған күннен бастап жұмысқа келуге шақырды. Одан әрі, жәрмеңкенің басты оқиғасы басталды. Яғни, колледж түлектері өз мамандықтары бойынша кәсіпорын өкілдерімен қарама-қарсы кездесуге барып, жұмыс түрлерімен, мекеме талаптарымен және өз мамандықтары бойынша қабылданатын жұмыс түрлерімен жақынырақ танысып жатты.
Жалпы өткізілген осы іс-шара негізінде биылғы бітіретін 251 түлектің 78 білімгер жұмыспен қамтылады деп қорытыланды. Сөз соңында колледж директоры Д.М. Мәселбеков келген мекеме басшылары мен өкілдеріне, бұқаралық ақпарат құралдарынан келген қонақтарға және осы іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан бөлім меңгерушілеріне рахметін айтты.
Бұл биылғы жәрмеңкенің үлкен табысы деп қорытындыланды.