15 декабря 2021
192
«Желтоқсанның сол бір желі»
акт залында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы іс-шаралары аясында «Желтоқсанның сол бір желі» тақырыбында желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесу өтті.
Іс-шараның модераторы Ғ.Ибраимов Желтоқсан оқиғасының Қазақстан Тәуелсіздігі үшін алатын маңызы мен орны туралы баяндап, қатысушыларды студенттерге таныстырды.
Үздік білімі үшін ел астанасы Алматыда ғылыми –жобалық институтқа жолдама алған сол кездегі жас маман, бүгінгі ел ағасы Абзал Шайбекұлы елі мен ұлты үшін намыс қайраған жастардың, екі қатар ІІМ курсанттары мен алты қатар мұздай қаруланған ішкі істер әскерлерінен қаймықпастан, тәуекелге бел буғандығын ауыр күрсіне отырып әңгіме етті. Екі күн қатарынан , алаңда болған дүрбелеңге жұбайы екеуі қатысқан Абзал аға үлкен қаладағы лауазымдық болашағы қылаң беріп тұрған жұмысынан да, «Тұрғын үй-91» бағдарламасы бойынша үш айдан кейін алатын пәтер кезегінен де айырылып, елге келіп қара жұмысқа жегілді. Бірақ, «өкіндім»,- демейді. Иә, қара нардың белгісі қабырғасын сөксе де бақырмайды, ер жігіттің белгісі- өткен күнге ах ұрмайды.
Алматы политехникалық институтының (қазіргі Қ.Сатпаев универститеті) бесінші курс студенті Гүлнар Саламатқызы өзінің жиырмаға жетпеген шағындағы ұстанған қағидасының басты темір қазығы - мына сайын далада қазақ тілінің баянды болуы мен қазақстандықтың ( ұлтына тәуелсіз) ғана Қазақстанды басқаруы тиісті деген көзқарасы болғандығын мәлімдеді. Сонымен қатар, осы көзқарасы үшін күштік құрылымдардың темір торында екі тәулік «қонақ» болғандығын да жасырған жоқ. Ашты дауыс, желтоқсанның боранына (метель) ұшыраған жас тағдыр.
Келесі кейіпкеріміз Алматы педагогика институтының сол кездегі бесінші курс студенті Баян Тұрсынқызының желтоқсанның шұнақ аязында өрт сөндіргіш машинаның шашқан ыстық суы киімін малмандай су етсе де жүрегіндегі алауды өшіре алмады. Керісінше, өрт сөндіргіш машинамен, нөкерлері сапер күрегімен және дубинкамен қаруланған жаналғыштардың озбырлығы қазақ қызының бойындағы намыс отын одан сайын үрлей түсті. Сол күндердегі жазалау машинасының қазақ жастарын алаңда басып-жаншу әрекетін есіне алып, Баян апай көзіне жас алды. «Мүмкін сол жерде мен Қайратпен болмаса он екіде бір гүлі ашылмай кеткен Ләззатпен бірге тұрған шығармын»,-деді. Көмейге келген ащы дем, жанарға келген ыстық жас сөйлетпеді.
Тәңір сақтасын, бірақ ел басына күн туса , өзінің «жылы» қызметі мен тегін пәтерін тәрк ететін ұл , ұлты үшін қапастың төріне қонақ болатын, денсаулығы мен өмірін тәуекел ететін арулар бар ма екен?
Дегенімен, қайсар ағаларымыз бен жанары от, мінезі шоқ апаларымыз барда ұлт батырсыз болмайды,- деген сеніммен өткенге тағзым, болашаққа үміт еткен тағы бір іс –шараны түйіндедік.
